Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының ұжымы Медициналық орталық ауруханасының директоры А.А. Ахетовтың қайтыс болуына байланысты қайғыруда.

04.02.2019

Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының ұжымы Медициналық орталық ауруханасының директоры А.А. Ахетовтың қайтыс болуына байланысты қайғыруда.

Әмір Амантайұлы Ахетов — Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының медициналық қызметінің тарихында айрықша орны бар азамат. Ә.А. Ахетов – өз ісінің шебері, білікті басшы, денсаулық сақтау саласының беделді қайраткерінің бірі.

Әмір Амантайұлының өмірбаянын сәттіліктер тарихы деуге де болады. Ол 1969 жылы 10 қарашада Қазақ КСР Ақмола облысында дүниеге келген. Мәскеудің Н.И. Пирогов атындағы Ленин ордені 2-ші мемлекеттік медициналық интитутын (1987-1989), Алматы мемлекеттік медициналық интитутын (1989-1994) «Емдеу ісі» мамандығы бойынша, «Әділет» құқық жоғары мектебін «Юриспруденция» мамандығы бойынша аяқтаған. Орыс және ағылшын тілдерін игерген.

Денсаулық сақтау саласына жас, болашақтан үміті зор және мақсат қоя білген маман ретінде келген Әмір Амантайұлы өз жұмысында ерік, мақсатқа ұмтылу, тиянақтылық пен жігерлік секілді қасиеттерді ұштастырған. Оның еңбек жолы А.Н.Сызганов атындағы клиникалық және эксперименттік хирургия ҒЗИ жасанды бүйрек трансплантологиясы хирургиялық бөлімшесінің санитары лауазымынан басталып, Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының бірінші басшысы лауазымына дейін жоғарлаған. Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының жүйесінде 12 жыл еңбек еткен.

Ә.А. Ахетов денсаулық сақтау саласына елеулі үлес қосқан ірі тұлға. Әмір Амантайұлы – медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті мүшесі, Ресейдің Табиғи ғылымдар академиясының профессоры, бір қатар ғылыми мақалалардың авторы.

Денсаулық сақтау саласындағы еңбектері үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрмет атағын алған, Қазақстан Республикасының Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.

Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшылығы мен ұжымы осындай керемет жаннан, сауатты басшы мен ниеттес достан айырылғанына қайғыруда, Ә.А. Ахетовтің қызметі Қазақстанның денсаулық сақтау тарихының жарқын бір беті болатыны сөзсіз.

Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ұжымының атынан марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. 


Тізімге оралу